Бұл зерттеу Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Ветеринария және агротехнология» институтының зертханасында жүргізілді. Зерттеу барысында «Ел ырысы» және «Мирлан» базарларынан алынған үш түрлі балық (шортан, сазан, көксерке) түрінен 5 үлгіден, барлығы 15 сынама алынып, органолептикалық және физика-химиялық көрсеткіштері бағаланды. Органолептикалық зерттеулер нәтижесінде шортан мен көксеркенің 100% үлгілерінде сыртқы көрінісі, желбезек түсі, иісі және бұлшықет құрылымы қалыпты болса, сазан балығының 40% үлгісінде жағымсыз иіс, қоңыр желбезек және бұлшықет жұмсаруы байқалды. Физика-химиялық зерттеу нәтижелері бойынша, шортан мен көксеркенің редуктаза сынамасы 2,5 сағаттан кейін түссізденсе, сазанның 60% үлгісінде бұл көрсеткіш 40 минутты ғана құрады. Несслер реакциясы арқылы аммиак деңгейі шортан мен көксеркеде 0,8±0,03 мг/л болса, сазанда кей үлгілерде 1,1±0,01 мг/л дейін жетті. Сонымен қатар, сазанның 2 үлгісінде күкіртсутек (H₂S) анықталып, микробиологиялық ластану 100% беткі қабатта, 40% терең бұлшықет қабаттарында тіркелді. Жалпы қорытынды бойынша, шортан мен көксерке балықтары жоғары сапалы, балғын өнім ретінде танылды, ал сазан балығының кейбір үлгілері сапасының төмендегенін көрсетті. Зерттеу нәтижелері балық өнімдерінің сапасын бағалауда сандық және кешенді әдістерді қолданудың маңыздылығын көрсетті.