30 March 2026 in Вестник КазУТБ
Мақалада Қазақстан Республикасының отандық селекциясымен шығарылған бидай сорттарынан бидай уытын өндірудің теориялық және эксперименттік аспектілері қарастырылып, оны сыра қайнату саласында қолданудың мақсатқа сәйкестігі негізделді. Зерттеудің өзектілігі жергілікті дәнді дақыл шикізатын пайдалану арқылы сыра қайнатудың шикізат базасын кеңейту және импорттық уытқа тәуелділікті төмендету қажеттілігімен айқындалады. Зерттеу нысандары ретінде дәннің физика-химиялық және технологиялық сипаттамалары бойынша ерекшеленетін қазақстандық селекциялы жұмсақ бидай сорттары - Матай, Ертіс және Тәуелсіздік таңдап алынды. Жұмыста ғылыми-техникалық және нормативтік әдебиеттерді талдау әдістері, сонымен қатар дән мен уыттың сапасын бағалаудың жалпы қабылданған физика-химиялық, биохимиялық және технологиялық әдістері қолданылды. Эксперименттік бөлім бидайды уыт өсірудің әртүрлі температуралық-уақыттық режимдерін таңдау мен салыстыруды, ылғал жинақталуының динамикасын, азотты заттар мөлшерінің және бос аминді азоттың өзгерісін бақылауды қамтыды. Зерттелген бидай сорттарының барлығы қанағаттанарлық физиологиялық белсенділікке ие екені анықталды және оларды уыт өндірісі үшін шикізат ретінде қарастыруға болады. Бидай уытын алу үшін ең қолайлы Тәуелсіздік сорты болып шықты, ол ақуыз мөлшерінің және дәннің шынылығының орташа деңгейімен сипатталады. Уыт өсіру температурасы ақуыздық гидролиздің қарқындылығына және ашытқылар үшін уыттың қоректік құндылығын айқындайтын еркін аминді азоттың жиналуына елеулі әсер ететіні көрсетілді. Алынған нәтижелер технологиялық көрсеткіштері сыра қайнату саласының талаптарына сәйкес келетін бидай уытын өндіру мүмкіндігін растайды және отандық шикізат негізінде бидай сырасын өндіру технологияларын әзірлеуде пайдаланылуы мүмкін.
31 March 2025 in Вестник КазУТБ
Қазіргі уақытта Қазақстанның сыра қайнату саласы тамақ өнеркәсібін дамытудың бәсекеге қабілетті бағыттарының бірі болып табылады. Ассортиментті кеңейту, инновациялық технологияларды қолдану сыраның жаңа түрлерін алуға мүмкіндік береді. Арпа уытының бір бөлігін басқа шикізат түрлерімен алмастыру, отандық селекциядағы сыра өндіруге жарамды арпа сұрыптарының жетіспеушілігі мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты, бидай уытын өндіру және оны Қазақстандық сыра өнеркәсібінде қолдану мәселелерін зерттеу өзекті бағыт болып табылады. Бұл зерттеуде Қазақстанның төмен протеинді бидай сұрыптары – «Ертіс-7» (№1 сыра), «Тәуелсіздік-20» (№2 сыра) және «Матай» (№3 сыра) – негізінде алынған үш түрлі бидай уытын қолданып жасалған сыра рецептурасының өзгерістерінің сыра сипаттамаларына әсері зерттелді. Сыра рецептуралары бидай сұрыптарының физика-химиялық құрамының ерекшеліктері ескеріле отырып құрастырылды. Отандық бидай сұрыптары негізінде бидай сырасын өндірудің технологиялық сұлбасы әзірленді және олардың физика-химиялық сипаттамалары зерттелді.