Ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуы табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, климаттық тәуекелдерді ғылыми негізде бағалауға және ауыл шаруашылық ландшафттарының агроэкологиялық әлеуетін дұрыс анықтауға тікелей байланысты. Климаттың жаһандық өзгеруі, жер ресурстарының деградациясы, су тапшылығы мен антропогендік қысымның күшеюі жағдайында агроэкологиялық әлеуетті бағалау әдістерін жетілдіру қазіргі аграрлық ғылымның маңызды бағыттарының біріне айналды. Соған қарамастан халықаралық ғылыми әдебиеттерде қолданылатын математикалық, биофизикалық, энергетикалық, статистикалық және геоақпараттық моделдердің теориялық негіздері, қолданылу ерекшеліктері және өзара байланыстары бірыңғай жүйеде жеткілікті деңгейде жинақталмаған. Осы зерттеуде ауыл шаруашылық ландшафттарының агроэкологиялық әлеуетін бағалауда қолданылатын қазіргі ғылыми әдістерге жүйелі аналитикалық шолу жүргізу, олардың негіздерін, есептеу қағидаларын, қолданылу ерекшеліктерін, артықшылықтары мен кемшіліктерін салыстырмалы тұрғыда талдау, ғылыми синтездеу және әдіснамалық жүйелеу тәсілдеріне негізделді. Әдебиеттерді талдау нәтижесінде агроэкологиялық әлеуетті бағалау әдістерінің қарапайым эмпирикалық модельдерден кеңістік-уақыттық талдау, қашықтықтан зондтау, географиялық ақпараттық жүйелер, ERA5 қайта талдау материалдары, статистикалық модельдер және цифрлық технологияларды біріктіретін кешенді тәсілдерге дейін эволюциялық даму жолынан өткені анықталды. Miami және Thornthwaite Memorial модельдерінің климаттық әлеуетті бағалаудағы маңызы, NPP, PNPP, HNPP және CRUE көрсеткіштерінің биологиялық өнімділікті бағалаудағы рөлі, сондай-ақ Mann-Kendall, Sen`s Slope, GTWR және LMG әдістерінің кеңістік-уақыттық заңдылықтарды анықтаудағы тиімділігі жүйелі түрде талданды. Сонымен қатар қашықтықтан зондтау деректері, геоақпараттық жүйелер мен цифрлық мониторинг технологияларын қолданудың агроэкологиялық бағалаудың дәлдігін арттырудың маңызы айқындалды. Зерттеу нәтижесінде агроэкологиялық әлеуетті бағалау әдістерінің теориялық және әдіснамалық негіздері жүйеленіп, оларды кешенді қолданудың ғылыми артықшылықтары негізделді. Әртүрлі модельдерді интеграциялау табиғи ресурстардың өнімділік әлеуетін неғұрлым дәл бағалауға, климаттық өзгерістердің ықпалын нақты болжауға және ауыл шаруашылық өндірісін ғылыми негізде жоспарлауға мүмкіндік беретіні көрсетілді.